«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар ,мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқалардан оздым деген ақымақтық» деп Абай өзінің он сегізінші қара сөзінде айтқан екен. Иә, білімді адамның алмайтын қамалы, аспайтын асуы болмайды. Яғни, бүгінгі күні адам тек өз білімімен ғана мақтанып, жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. Қаламызда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген аудандық Абай оқулары сайысының жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде бүгінгі ұрпақтың білім, өнер, даму деңгейі анық көрінді. Оқушылар тек Абай, Махамбет, Мұқағали, Фариза өлеңдерін мәнерлеп айтудан басқа, күмбірлетіп күйлерін тартып, сыңғырлатып ұлыақындарымыздың әндерін шырқады. №1 мектеп-гимназиясының 10 «А»сыныптың үздік оқушысы Шарапова Юлия осы сайыста «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша қатысып, жүлделі 3- орынды алды. Әрине, әнді нақышына келтіріп айту үшін, түсіну керек, жанымен ұғыну керек. Юлия Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін жүрегімен түсініп, ұғынып, көрерменге жеткізе білді. «Өнерлі өрге озады» деп халқымыз тегін айтпаған, Юлия Шарапова оқуда ғана емес, өнерде де озық екенін дәлелдеді.